«Үздік маман - 2016» Мұнай кенорнында бұрғылаудан шыққан ұңғымаларды жайластырумен айналысатын «Кен құрылыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары арасында үздіктердің үздігі анықталды. Байқау теориялық және практикалық екі кезеңнен тұрды. Соңғы бес жылдан бері серіктестікте өткізіліп келе жатқан конкурс биыл ерекше. Жеңімпаздар қыркүйек айындағы республикалық сайысқа жолдама алады.
Электр дәнекерлеуші, құбыр құрастырушы, тас қалаушы, оқшалаушы және электр құрастырушы. Аталған бес мамандық бойынша он бес қызметкер сайысты. Алдымен білім деңгейі сынға салынды. Оқшалаушылар жиырма минуттың ішінде жиырма сұраққа жауап берді. Қалғандарына елу сұрақтан қырық минут уақыт берілді. Мекемедегі он алты бөлімшенің әрқайсысында сегіз бригада бар. Байқауға қатысушылар осы мыңға жуық қызметкердің ішінен іріктеліп алынған.
Базарбай Ізмағанбетов - "Кен құрылысы сервис" ЖШС басшысы
«Компаниямыз қазір әр региондарға жұмыс істеп бастады. Бүгінде Атырау облысында жасап жатыр. Болашақта басқа да жерлерге шығу жоспарда. Шетелдік компаниялардың объектілерінде жұмыс жасау үшін бізге білгір мамандар керек. Ол тек қана қағаз жүзінде емес, іспен көрсетуіміз керек. Сондықтан мұндай сайыс бізде әлде де болады. Бүгінгі өтіп жатқан шара тек бес номинация бойынша болды. Болашақта бұдан да көбейтеміз деген ойымыз бар».
Екінші кезең мекеменің арнайы дайындалған алаңында жалғасты. Мұнда қажетті жабдықтардың барлығы орнатылған. Тас қалаушылар жөндеу - құрылыс басқармасында сайысты. Қатысушылардың мамандықтарына сай берілген тапсырма да, уақыт та әртүрлі болды. Олар өздеріне жүктелген кез - келген істі тез әрі сапалы жасайтындарына сенімді. Себебі, үміткерлердің барлығы он жылдан астам тәжірибесі бар білікті мамандар.
Рахмет Дауылбаев - электр жөндеуші
«Екінші тапсырма тоқты қосып, қозғалтқыш екеуінің аралығын жалғау. Бізге жарты сағат уақыт берілді. Күнделікті жасап жүрген жұмысымыз. Жетісеміз деп ойлаймыз, жалғаймыз деген үміттеміз».
Сайыс қорытындысы бойынша құбыр құрастырушы Бербай Тоқбаев, оқшалаушы Шалқарбай Өзбеков, электр дәнекерлеуші Абай Балтабаев, электр құрастырушы Рахмет Дауылбаев және тас қалаушы Қоблан Әшірбаев оза шапты. Алдыңғы үш орынды жеңіп алған қатысушылар қаржылай сыйлық алады. Бұдан бөлек, жүлделі бірінші орын иелерінің жалақысына бір жыл бойы қосымша үстеме ақы төленетін болады. Жеңімпаздар құрылысшылардың төл мерекесі күні, яғни тамыздың бірінші жексенбісінде салтанатты түрде марапатталады.
Бейне сюжетті сілтеме арқылы өтіп көре аласыз.
7 шілде 2016 жыл.